30 Желт 2021
Жаңалықтар

БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Бүгін аудандық мәдениет үйінде жыл қортындысы бойынша дәстүрлі «Білім беру саласының жыл үздігі – 2021» атты салтанатты шара өтті.

Еліміздің жарқын болашағы саналатын жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып жүрген ұстаздар бас қосқан жиында аудан әкімі Тілек Габдушев сөз сөйлеп, білім сапасын арттыру үшін аянбай қызмет ету қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар жаңа жылда бой көтеретін мектептер тізімін де атап өтті.

Кезек марапаттау сәтіне келіп жетті.

"Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін" төсбелгісін Жанылғаным Баймұханова иеленді. Қазақстандық салалық Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының құрмет грамотасымен Ержан Курманов және Нұргүл Маулетова марапатталды.

Ауданымыздағы білім беру ұйымдарында «Парасатты мектеп директоры» аталымына Х.Есенжанов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Амантай Хайруллин лайық деп танылды. Ақжайық жалпы орта білім беретін мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Зәмзәгүл Искакова «Үздік координатор», Ақсуат жалпы орта білім беретін мектебінің математика пәнінің мұғалімі Асхад Маштаев «Креативті мұғалім», Подстепный қазақ жалпы орта білім беретін мектебінің физика пәнінін мұғалімі Берік Габдыгалиев «Білімді ұстаз» атанды.

Айтиев бастауыш мектебінің шағын орталық тәрбиешісі Гүлмира Сарбупееваға «Бала бағбаны», Талпын негізгі мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Ақтолқын Нықмұқановаға «Зерделі ұстаз», Шаған жалпы орта білім беретін мектебінің логопеді Гүлзар Сарсекеноваға «Жанашыр ұстаз», Федоровка №1 жалпы орта білім беретін мектебінің психолог маманы Лəззат Кабдоловаға «Үздік зерттеуші» аталымдары табыс етілді.

Дүйім оқырманның кітапқа деген сүйіспеншілігінің артуына атсалысып, түрлі бағыттағы туындылар туралы бағыт-бағдар беретін мектеп кітапханашылары арасынан Айнагүл Сисенғалиева (Ы.Алтынсарин атындағы мектеп) «Оқырман жанашыры», гуманитарлық және жаратылыстану бағыттары бойынша Нұргүл Темірғалиева (Госплемстанция мектебі) «Шебер ұстаз», сынып жетекшілердің үздігі Жаннат Ибрашева (Жайық негізгі мектебі) «Үздік бағыт беруші», оқушылардың бос уақытын тиіміді ұйымдастыратын Сәуле Ембергенова (Ұзынкөл мектебі) «Үздік қосымша білім беру педагогі» аталымдарын иемденді.

Салтанатты шарада аудандық мәдениет үйі мен саз мектебінің өнерпаздары өнерлерін ортаға салып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

  • Марапат иелеріне аудандық білім беру бөлімінің кәсіподақ ұйымы атынан диплом және естелік сыйлықтар табысталды.

 

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА,

Теректі аудандық білім беру бөлімінің баспасөз хатшысы,

Балнұр ҚУАНЫШҚЫЗЫ

 

Пайдалы ақпараттық ресурстар