Бүгін Ы.Алтынсарин атындағы ЖОББ мектебінде «Педагогикалық жұмыстағы шешуші нәрсе – жақсы оқыту әдістерін таба білуде» тақырыбында облыстық семинар өтті. Бұл семинарға білім басқармасы басшысының орынбасары С.Темірғалиева, Тасқала ауданының білім бөлімінің басшысы А.Касимова, Теректі АББ басшысы Ж.Хусаинова және мектеп директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар қатысты. Семинар оқу-тәрбие үрдісінің қолайлы даму ортасын құру арқылы шығармашылық әлеуеттерін жетілдіруге қолдау көрсету мақсатын көздеді. Кездесу «Үштілділік» амандасу тимбилдингісінен бастау алып, мектеп директоры А.Ахметкалиева семинарды ашып берді. Білім басқармасы басшысының орынбасары С.Темірғалиева шараға шақырылған ұстаздарға N366 бұйрық жөнінде және жазғы мектеп туралы айтып өтті. Одан әрі «Адамның құдіреті жүрегінде» шеберлік сыныбы көрсетіліп, «Оқытудың табыстылығын арттырудағы hard skills пен soft skills дағдыларының ерекшеліктері» атты коучингті А.Ахметкалиева мен А.Тохлиева өткізді. Шара мектеп мұражайына саяхатпен жалғасты. Л.Жантемирова мен А.Куснетденов толық таныстырып өтті.

Келесі ой алаңы «Өмірлік дағдыларды қалыптастырудың жолы - практика» атты халықаралық зерттеулерге арналды. Кезегінде Ы.Алтынсарин шығармаларынан сахналық көріністер тамашаланды. Кітапханада «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында жұмыстар көрсетілді. Семинар соңында «Домбыра» ансамблінен тарту жасалып, облыстық, аудандық байқаулардың жеңімпаздары өлең оқып, бишілер «Құмыра» биін билеп, шараға қатысушыларға керемет көңіл күй сыйлады. Семинарды қорытындылай келе «Ашық микрофон» әдісі арқылы кері байланыс орнатылып, пікірлер мен ұсыныстар ортаға салынды. Бұл екі ауданның іс-тәжірибе алмасу, кәсіби құзіреттілікті арттыру, шығармашылық идеяларымен танысу бағытындағы алтын көпірлі байланыс әрі қарай жалғаспақ.

Теректі аудандық білім бөлімінің баспасөз қызметі